$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

Маңғыстауда 12 оқушы уланып қалған: Денсаулық сақтау министрлігі тергеу бастады

Редакция
04 сәуір 2025 02:27 2174
Маңғыстауда 12 оқушы уланып қалған: Денсаулық сақтау министрлігі тергеу бастады Сурет авторы: Lada.kz

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Манаш орта мектебінің 12 оқушысы уланғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арнайы тергеу бастағанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, санитарлық-профилактикалық шараларды жүргізу туралы қаулы шығарылып, аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған.

Ата-аналар балалардың улануын мектеп асханасындағы сапасыз тағаммен байланыстырады.

«Балалардың улануына байланысты Бейнеу аудандық полиция бөліміне, облыстық полиция департаментіне, білім басқармасына, аудандық және облыстық прокуратураға ресми хаттар жолданды. Бейнеу ауданының полиция басқармасы тарапынан мектеп асханасы уақытша жабылып, мөрленді», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда уланған балалар амбулаториялық бақылауда, дәрігерлердің қарауында ем қабылдап жатыр.

Оқиға 3 сәуір кешкісін болған. Бейнеу аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 9-12 жас аралығындағы 11 оқушы жедел жәрдеммен жеткізілген. Барлығында құсу және әлсіздік белгілері байқалған. Бейнеу ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар 2, 3 және 5-сынып оқушылары. Дәрігерлер тексергеннен кейін балалар үйлеріне жіберілген.

Асхана қызметкерлерінен ішек инфекциясын тасымалдаушылық бойынша зерттеулер алынды. Сонымен қатар тағам өнімдерінен, судан, ыдыстардан және дезинфекциялық құралдардан сынамалар алынған. Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар