$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Қазақстан мектептеріне өзгеріс әкелетіндер кімдер? Білім саласындағы көшбасшылардың кадр резерві қалыптасты

Редакция
26 қараша 2024 09:03 3439
Қазақстан мектептеріне өзгеріс әкелетіндер кімдер? Білім саласындағы көшбасшылардың кадр резерві қалыптасты

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жаңа форматтағы басшыларды іріктеу және даярлау бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Биыл қатысушылардың саны 2,5 есеге артты, деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Іріктеу процесі бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде кандидаттар кәсіби және басқарушылық құзыреттіліктерін бағалау үшін тестілеуден өтеді. Екінші кезеңде оқу курсына рұқсат беріледі, үшінші кезеңде елдегі алдыңғы қатарлы мектептерде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау жүргізіледі, бесінші кезеңде министрлік комиссиясымен сұхбаттасудан өтеді. Барлық кезеңнің нәтижесі бойынша республикалық білім беру ұйымдарының басшыларының кадрлық резерві қалыптасады.

Биыл бастапқы кезеңге 13 796 үміткер тіркелді, бұл былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадрлық резервке 375 үміткер балабақша, мектеп және колледж басшысы лауазымына ұсынылды.

«Бағдарламаның барлық кезеңінен өткен үміткерлер сертификат алады, оның негізінде олар кадрлық резервке тіркеледі. Осыдан кейін резервтегі мамандар конкурссыз бірінші басшы лауазымына тағайындалуы мүмкін. Оларға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», - деп атап өтті Орта білім комитетінің төрағасы Каныбек Жұмашев.

Өткен жылы республикалық кадрлық резервке 208 үміткер енді, оның 170-і мектеп директорлары болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар