$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

«Болашақ» бағдарламасы бакалавриатты қайтаратын болды

Редакция
11 қараша 2024 10:12 2855
«Болашақ» бағдарламасы бакалавриатты қайтаратын болды Сурет авторы: 365info.kz

«Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, енді ғылыми тағылымдамалар саны екі есе қысқартылып, 250 грант бөлінеді. Босаған гранттар жаңа бағыттарға, соның ішінде жасанды интеллект саласына бағытталатын болады. Келесі жылдан бастап жыл сайын осы салада мамандарды даярлау үшін 100 грант квота ретінде бөлінеді, бұл квота ғылыми тағылымдамаларға, докторантура мен магистратураға арналады.

Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасына бакалавриат деңгейін қайта енгізу жоспарланған. Министрдің айтуынша, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда жүлделі орын алған талапкерлер үшін бакалавриат квотасы ашылады.

Сонымен қатар министр халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ мен Қазақстан мүше болған басқа да ұйымдарда «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ұсыныс Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен басқа да сыртқы ведомстволардан түскен. Өзге мемлекеттерде халықаралық ұйымдарда өз азаматтарының қызмет етуіне қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар бар. Қазақстан үшін де осындай тәжірибені енгізу маңызды, себебі бұл елдің халықаралық ықпалын арттыруға септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта бұл ұсыныс талқылауға қойылды.

Соңғы жаңалықтар