Қазақстан энергетикасы: 2029 жылға қарай “Балқаш” АЭС іске қосылады

Редакция
02 ноября 2026, 22:05
Қазақстан энергетикасы: 2029 жылға қарай “Балқаш” АЭС іске қосылады

2 қараша күнгі Құрылтайда Президент Жолдауындағы энергетика саласына қатысты міндеттердің орындалу жолдары қаралды. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысына вице-спикер Дания Еспаева, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ірі энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Жиынды комитет жетекшісі Наталья Годунова басқарды.

Еспаева энергиямен жеткілікті қамтамасыз етілу елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігін айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа зауыттар, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект жүйелері мен деректерді өңдеу орталықтары үшін электр энергиясы жеткілікті болуы тиіс. Жолдауда 2029 жылға қарай өндіру қуаттарының тұрақты профицитін қамтамасыз ету, Балқаш және Мойынқұм АЭС жобаларын жеделдету, отандық мамандар даярлау мен технологиялар трансферті міндеттері қойылған.

Сандар не дейді?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, елдің энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі жұмыс істейді. Оның 172-сі – жаңартылатын энергия нысандары. Олардың жалпы қуаты – 27,1 ГВт. 2029 жылдың соңына дейін тағы 13,3 ГВт қуат іске қосылады. Бұл қажеттілікті жабумен қатар, генерация қуаттарының 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Атом энергетикасы

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру көзделіп отырғанын хабарлады. «Балқаш» АЭС жобасы бойынша инженерлік-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын, халықаралық келісімдерге қол қойылған, құрылыс 2027 жылы басталады. «Мойынқұм» АЭС-і үшін құрылыс ауданы айқындалып, үкіметаралық құжаттар әзірленуде.

Отырыста «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан атом электр станциялары», «Самұрық-Энерго» және KEGOC басшылары салалардағы жағдайды баяндады.

Заңнамалық қолдау

Депутат Бекжан Әлімқұлов Құрылтай қарауында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігіне, сондай-ақ баламалы энергетикаға қатысты екі заң жобасы бар екенін айтты. Оның пікірінше, бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады: біріншісі ресурстарды ұтымды пайдалануға, екіншісі энергиямен жабдықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Депутаттар энергожүйені теңгерімдеу тетіктерін, шағын модульдік реакторлардың перспективасын, электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу форматтарын, сондай-ақ Шахтинск сияқты шағын өнеркәсіптік қалаларда жылу электр орталықтарын кеңейту мәселелерін көтерді.

Қорытындылай келе, Наталья Годунова басты міндет – жоспарланған шараларды іс жүзінде орындау екенін айтты. Әр жоба бойынша нақты мерзім, қаржыландыру көзі және дербес жауапкершілік белгіленуі тиіс. Комитет бұл міндеттердің орындалуын бақылауда ұстайды.

Последние новости